Таяу Шығыстан ұшатын жеке рейстер бағасы 142% өсті
АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысы басталғалы Таяу Шығыстан ұшатын жеке чартерлік рейстерге сұраныс күрт артты. Аймақтан кету үшін жолаушылар соңғы ақшасын беруге дайын, деп хабарлайды Masa media.
Жеке ұшақты кімдер жалдар жатыр?
Cоғыс ондаған мың саяхатшыны қиын жағдайда қалдырды. Кейбір әуе компаниялары шектеулі бағыттарды қайта ашып жатқанына қарамастан, қаржылық мүмкіндігі бар адамдар бұл бейберекет жағдайды айналып өтудің жолын тапқан — Таяу Шығыстан кету үшін жеке ұшақ жалдап жатыр.
AirX компаниясының төрағасы әрі негізін қалаушы Джон Мэттьюздің CNN-ге айтуынша, сұраныстар негізінен аса бай отбасылардан, трансұлттық корпорациялардан (жоғары басшыларын көшіру үшін), сондай-ақ спорт командалары мен музыкалық топтардан түсіп жатыр.
Әдетте Оман астанасы Маскаттан, Дубайдан және Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтан күніне шамамен 10–15 жеке ұшақ рейсі орындалатын. Алайда өткен аптадағы сәрсенбі күні олардың саны 98 рейске дейін өскен.
Рейстер құны
Форстердің айтуынша, сұраныстың күрт артуы, қолжетімді ұшақтардың аздығы және сақтандыру шығындарының қымбаттауы бағаның өсуіне әсер еткен. Сонымен қатар ұшақтардың көп жағдайда аймаққа бос қайтып келуі де бағаны қымбаттатады. Бұл клиенттердің ұшудың екі бағытына да ақы төлеуіне әкеледі.
Мысалы, бір рейсте 12 адамнан тұратын топ және олардың иті Маскаттан Стамбулға бес сағат ұшып, бұл сапар үшін 145 мың доллар төлеген. Қақтығысқа дейін дәл осы рейс шамамен 60 мың доллар тұрған, яғни баға 142 пайызға өскен.
Айта кетейік, бұдан бұрын Таяу Шығыстағы қақтығыс авиациялық керосин бағасы күрт өсіргенін жазғанбыз. Салдарынан Азия мен Еуропадағы бірқатар әуе компаниялары сейсенбі күні билет бағасын көтерді.
Бағаны өсіретінін жариялаған компаниялардың қатарында Австралияның Qantas Airways, Скандинавияның SAS және Air New Zealand әуе тасымалдаушылары бар. Ал кейбір компаниялар дағдарыс жанармай жеткізіліміне қауіп төндіруі немесе рейстер кестесін қайта өзгертуге мәжбүр етуі мүмкін екенін ескертті.
10:34
29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.